Тақымға басқан ат (тақым ат) деп адамның жастайынан күтіп, мініп жүрген жылқысын айтады.
Қырсау — жүрмейтін шабан жылқы, ол жайылса, оттап тұрып алады.
Керден (керенау) — жүргенде аяғын ширақ басып, тез қозғалатын жылқы.
Барлыққан жылқы — семіз күйінде мініліп, қызыл май болуға айналған жылқы.
Жабықет — артық еті жоқ жылқы.
Берік жылқы — ортадан төмен жалы (жал майлы) бар жылқы.
Тесеген (құнан, байтал, тай) — тісі түсіп, қайтадан шыға бастаған жас жылқы. Тесегеннің «ұры» тісі басқа тістеріне қарағанда алдыға шығып тұрады, сондықтан ол еркін жайыла алмайды.
Мұзжал — семіздіктен жалы тұтасып, күдірейген жылқы.
Сужал — жалын қолмен ұстағанда уысқа ілікпейтін, құр тері болып қалған арық жылқы.
Тікжонды деп арқасы мен жоны бірігіп тұратын жылқыны айтады.
Ал қақпақжонды деп арқа тұсы тұтасып тұратын жылқыны айтады. Қабырғасы түсіңкіреген жылқыны кейде «жаялы жылқы» деп те атайды.
Ешкібас — басы ешкінікіне ұқсайтын жылқы.
Қойбас — басы қойдікіне ұқсайтын жылқы.
Орақбас — кеңсірігі шығыңқы, дөңес (кұс) тұмсықты болып келетін жылқы.
Қамысқұлақ — қос құлағы жұқа, әрі бір біріне жақын болып, үнемі тікірейіп тұратын жылқы.
Қайшықұлақ — жүргенде сүйрік біткен қос құлағын қайшылап жүретін жылқы.
Мәстек — екі құлағы екі жаққа қисая біткен (салпаң құлақ) жылқы.
Сауранат, сауран сойы — сәйгүлік сияқты мінез танытып, шиыршық атып тыпыршып, бір орында тұрмайтын жылқы. Сәйгүлік жылқының бір түрі.
Дербіт — жуан денелі, аяқтары әлді, биік, өзі күшті, құйрық-жалы қалың келген жылқы.
Бөртекі — тез болдыратын, сүйек майы жұқа, қара етті жылқы.
Маймақ — сирақтары қисық біткен жылқы.
Қоңды жылқы — еттілеу көрініп, сырт көзге бұлтиып бұлшық еттері ыдырайып көрінетін жылқы.
Тарпаң жылқы — асау, үркек, көрінген дүниеден жалт беріп тулап, не тепершік атып тұратын жылқы. Әсілі мұндай жылқы міністен қажығыш болады. Мұндай кезде тістеуік болып кетеді. Былайша айтқанда, сенімсіз жылқы.
Қоңылтақ жылқы — өмірі бойын жинап толық тойына алмайтын, бұлшынына ет жинай алмайтын жүдеу жылқы.
Қысыраған жылқы деп суыққа, қарға түсіп, жұтап қалған жылқыны айтады.
Шырсыз — өте арық жылқы.
Қолау (қолы түскен тай, құнан байталға қаратылып айтылады), бұл атау мезгілі жетпей қатты мініс көріп, ер батқандықтан жауырынқолы (алдыңғы жауырыны, аяғы) жабысып ауырған, қолы түскен (алдыңғы аяғын баса алмай қалған) деген ұғымды білдіреді.
Көтерем — етінен әбден арылып, жілік майынан айырылған, буынына сары су толып, әлі кетіп, орнынан тұра алмайтын, кісінің көмегі арқылы тұратын жылқының күйіне байланысты айтылатын атау. «Көтерем» сөзі басқа да малға қатысты айтылады.
Жайланған жылқы — көп мініліп, оңалмаған жылқы.
Қатпа — сүйектері терісінің сыртынан арса-арса болып көрініп тұратын еті аз жылқы.
Көкбақа — жүріс көтермейтін арық жылқы.
Зорыққан жылқы — ұзақ жүріп көздеген жеріне жете алмай жолда қалған жылқы.