Майданның бәйгесіне. Мұқағали Мақатаев

Қарасаздың су ішіп бұлағынан,
Жүретұғын құлпырып құла құнан.
Қылығы да, жұп-жұмыр мүсіні де,
Аумайтұғын киіктің лағынан.

Қимылдаса ши басы секем алып,
Құйын болып далаға кетеді ағып.
Үйірінен үзіліп жеке қалып,
Жарысатын желменен жеке барып.

Желіге де байланбай құлынында,
Жел ойнатып жүретін тұлымында.
Тай болды, құнан болды әлі бірақ,
Көрген жоқ жылқышының құрығын да.

Жылқышы қарт ерекше ардақтаған,
(Біледі ғой, қазақ қой мал баптаған).
Өзі келіп үйретіп, мінер деген,
Аман келсе майданнан солдат балам.

Дөнен болды, қалды артта балалық шақ,
Қарт міне, дөненіне бұғалық сап,
Баласынан хабар жоқ, қарт тұр енді,
Бәсірені майданға шығарып сап.

«Жүрген жерің от болсын, хош, жануар!..
Бәлекеті жоқ болсын, хош, жануар!»…
Бәсіресін, баласын біздің қарттар,
Бәйгесіне майданның қосқаны бар.