Қысырақтың үйірі. Мұқағали Мақатаев

- Бағасың! – деді бастығым,
- Бақпаймын! – дедім, бала едім..
Артым бос, айтар тас буын,
Жоқ тұғын менің дәлелім.

- Бақтырам! – деді бастығым –
Бағасың – деді – жетпегір!
Сонымен біраз жас күнім,
Қысырақ қуып өтті өмір.

Қорада жемсіз ақырда,
Қамауда тұғын қысырақ.
Аяңдап келем тақымға,
Шетеннен құрық қысып ап.

Айқара аштым қораны,
Жануарларға обал-ды.
Обалды қайтсін қысырақ,
Ойнақтап алып жоғалды.

Біріне-бірі дем беріп,
Тұяқпен түтіп даланы.
Тулаған өңшең көк желік,
Үйірін іздеп барады.

Қайыру берер болмады,
Ойнақтап олай, былай бір.
Сорпасы шығып сорлады,
Сілесі қатқан құла айғыр.

Желігіп алды көнбестен,
Желқуық өңше байталдар.
Бірі де қайыру берместен,
Сынаптай ақты сайтандар.

Бір-бірлеп жүріп сай-құмнан,
Өлгенде әзер қайтардым.
Жармасты-ау құла айғыр да,
Жалына жирен байталдың.

Сынаптай аққан сайтанды,
Жануар әбден илепті.
Шу асау өңшең байталды,
Бір-бірлеп жүріп үйретті.