Мінездеме. Қадыр Мырза Әли

Алыс жолдан қатты арып,
Азар келген құнанды
Қойып едім қаңтарып,
Қайрат бұған қуанды.
— Құламаймын мұнан да!
Деді маған ол күліп.
Сосын сорлы құнанға
Он түсті ол, он мініп.
Алқынып тұр жас құнан,
Әкелгенмін терлетіп.
Қайрат оның астынан
Әрлі-берлі көрді өтіп.
Шабын түртіп таяқпен
Қоймаған соң жармасып,
Қойды құнан тұяқпен
Құйрығына «мөр» басып!