Атам ұстап асау тайды, тізгіндеп, Әкеп берді, мінсін бала біздің деп. Қарғып міндім, қыр көрсетіп достарға, Күнде мені жүретұғын жүз күндеп. Тай тулады, тулап бақты есіріп, Шапты бір кез сар жазықта көсіліп. Қаршығадай қатып қалдым үстінде, Әлденеге ыза болып, өшігіп. Көзі терлеп, екі езуі қанады, Бастандықтан көп үміті бар әлі. Тақымымнан босатпадым мен оны, Көтерсем де еркелігін шамалы. Асау бейбақ шауып–шауып, тоқтады, Мойындады басқа түскен ноқтаны. Екі аяқпен тік тұрды да, кісінеп, Ең соңғы рет еркіндігін жоқтады. Менің де екі алақаным қанады, Көңілім сергек, кеудем күйіп, жанады. Тайды үйретіп оралғанда ауылға, Көп достарым іші күйіп қарады. Жігіт болды, жаса бұған той, - деді, Көрші - қолаң қошеметтеп сөйледі. Атам ғана мақтаған жоқ: «Тайыңды Мама ағашқа мықтап байлап қой», - деді.