Айдарынан жел еспей кекілдінің, Еңку шалды еңіске екінді күн. «Протонның» уынан енесі өлген Көлеңкеде жылайды жетім құлын. Тамылжыса таң нұры Кие көрген; Бір-біріңе қос мұңлық, Сүйенер ме ең? Жетім құлын иесі жесір әйел Өз-өзіне қол жұмсап күйеуі өлген. Үміт жібі үзілсе– үгілер ең, Ғұмырыңның батпандай жүгіменен. Жетім құлын қаңғиды әр аулада Жесір әйел жылайды түніменен. Жалғыз жіпке байлаған– Тағдыр ұлы; Зымыранның зымыстан жаңғырығы. Жетім құлын жетіліп кетер болса Сойып алмақ соғымға арғы жылы. Замананың соққалы жегі желі, Босағаның бос қалған желілері. Серілері ауылдың не біледі? Осы сұрақ жанымды кеміреді... Сағыныштың сазындай– саған далам, Хабар жетіп жатады әр арнадан. Көлеңкеде көз жасын көлдетіп тұр Жетім құлын кекілі таралмаған. Шаңырақ бұл Індетке ірге түрген, Үзілердей жетеді күнге түннен. Құлыныңды қаңғытпай, қамасаңшы... Кінә іздейді ағайын кіл жетімнен. Аман шығу ақ таңға –бас амалы, Оғы тиген тағдырдың тасадағы. ...Жесір әйел сыйпаса маңдайынан Жетім құлын көзінен жас ағады. Беу, қос мұңлық, Жолында сортаң із көп, Қай қиырға тұрады тартамыз деп. Кезек-кезек көз жасын сығады да – Тірлігіне кетеді талқан іздеп. Қайран ауыл! Құшағын жайған Ана, Алладан нұр күтеді айдалада. Жетім құлын жетіліп – Тарлан ашып Арғымаққа білмеймін, айнала ма? ...Еңку шалса еңіске Екінді күн, Шемен күйін шертеді шетін мұңым. Күн-керуен соңында Соры қайнаған –Жесір әйел, Жегі жел, Жетім құлын.