Байтал – бұлттың құлын-қыр төсін еміп, Керуеннің Арқаға көші келіп. Пұшпағында Бетбақтың біздің ауыл, Жататаұғын кез еді өсіп-өніп. Қай жыл еді, есте жоқ қай күн еді, Жұлдыз жанып аспаннан Ай күледі. Түн түндігін тілгілеп қамшысымен Жылқышының баласы тай мінеді. Сол ауылдың жаны жаз. Күлкісі күн, Қайтар кезі жақындап жыл құсының. Айкүреңі атағын әйгілеген – тай мінеді баласы жылқышының. Көз алдымда көлбесе жусанды қыр, Буырқанып көңілім, бусанды іңір. Жылқышының баласы тай мінгенде Жеткізбейтін сағымдай қусаң ғұмыр. Жастығымның жазира жайлауы құт, Айдан асып асқақтап айман-үміт. топқа түсіп кеткенмін тоғызымда тобылғы сап қамшы ұстап тайға мініп. Ерте келген көктемнің елесі боп, Зулайды күн ойы мен белесі көп. Асау тайдың жалында... тізгін қағып – Көз алдымда көлбейді көне сурет. Байтағымның бақыты толғағаным, Қыран болып көгіңнен Сорғаладым. Белі шықпай бесіктен бәйге көрген – Жыр жазбауға хақы жоқ сол баланың. Жаздар қалды соңымда Күздер қалды, Тай тұяғы жаншыған іздер қалды. Жылқышының баласы – Жылқы мінез – тұнықтың да тұнығын іздер мәңгі...