Алматы (Анам Роза Сейiтжанқызы Салықбаеваға) Жылдар деген жылқылардан аумайды, Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды. Тарпаң тұяқ тиiп кетер ме екен деп, Қорқып кейде қап-қара тер саулайды. …Сәби кезiм саңылаулап ес кiрген. Сыртқа шықтым. Ауыл күнi кешкiрген. Аспандағы алаулаған бұлттарға, Аңырдым мен аң-таң қалған кескiнмен. Бәрi – таңсық. Қызылқұмар шақтамын, Бiле алмадым бұлтты кiмнiң жаққанын. Көрдiм бiр сәт Көп жылқының мен жаққа Көше бойлап шауып келе жатқанын. Қашу қайда, Қорқу да жоқ ойымда, Тұра бердiм таңырқаған бойымда. Алып-ұшқан секiлдендi асығып, Сол жылқылар менiменен ойынға. Алғашқы аттар ағып өттi қасымнан, Қалғандары қарғып жатты басымнан. Қарап қалдым бауырына аттардың Аспандағы бұлттарымды жасырған. Тасыр-тұсыр… Таусылмайтын мол дүбiр, Жылқы жапты аспанымды, сөндi нұр. Тас тұяқтар зу-зу етiп төбемнен… …Құлағыма ащы дауыс келдi бiр!.. Жалт қарасам – Қолын созып тұр Анам, Жанары – жас… (Неменеге жылаған?). Жете алмайды, жолын бөгеп жылқылар… Көп тұяқтың астында – мен, дiн – аман! Жылдар деген жылқылардан аумайды, Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды. Тарпаң тұяқ тиiп кетер ме екен деп, Қорқып кейде қап-қара тер саулайды… «Үшке шыққан кезiң, дейдi, сонда», – Анам, Бүгiн мiне отыздамын!.. Толғанам… Анам кеше тағы кiрдi түсiме, Қолын созып жете алмай тұр ол маған... 1984 жыл. Мәскеу