Көңілім, табалмасам қалауыңды, Азайтпа, өршіт кайта алауыңды. Тұлпар өлең тұяқтан от шашар ма ең, Жүрмін бе келтіре алмай жарауыңды. Қиындық таппай алмас талабымды, Көріп келем сан қырын, тарауыңды. Желіп өтер осынау қысқа өмірде, Өлең сенің көтерем жалауыңды. Тараса саусағымен нұр жалынды, Сай ғылып әзірлейін тұрманыңды. Сағым белде сен құстай бұлдырасаң, Тек сонда сергіткенің бұл жанымды. Көкпар — тірлік, оны ақын өңгеруде, Бақытың құс - қонатын кең кеуілге. Құс ұшады, көкпар да пара-пара, Жер тарпып тұрсаң болды белдеуімде.