Екі жирен. Нұржан Қуантайұлы

I
Дейдi дағы:
– Әндетсек бiр, әй, бәлем, –
Науа жолға көз тастайды жайменен.
Күлiмсiреп
Мұртын сипап қояды –
(Қияқ мұртын қияға iлген Ай көрем).
Сырмақ жоннан су қашады сылтыңдап,
Шымшық үнiн шыбық пен тал тұр тыңдап.
Қасқа жирен үйездеп тұр жағада,
«Екi жирен» домбырада тыңқылдап.
Құлап түскен құс үнi ме,
Қандай үн,
Құлақ түрген қыр қағады таңдайын.
Дөңгеленген жұмыртқа үй ыстықтап
Дөңес бетте түрiп қойған маңдайын.
Ағамыздың көмейi де кең екен,
«Екi жирен» өрге қарай желе тең.
«Өй, деген!» деп қошаметтеп қойсаңшы,
Қоңыр үнiн әуелетер Ерекең.
Жусап жатқан қарап қойып қой жаққа,
Күн өткен бе –
Қыбырлайды ой шаққа.
Қара туша көзiн байлар көбiнiң...
Қап, кебенек, желдеп кеттi ой жаққа...
Жәудiр қаққан қаратар көк жүзi де,
Шөкiм бұлттар шөрегейдей тiзiле.
Құбақан тал бұралады бұтағы
Қолаң шаштың белiндей боп үзiле.
Ағаң сөйлер арқа тасқа сырт тiреп:
– Мына қасқа судай жорға,
Жұ рт бi ле т.
Бiр қызығым – жақсы ат ұстау жасымнан,
Тек бар болғыр қызғандырар сыртты көп...

II
Айхай, жылдар –
Жылдамдықтың өрi ме,
Сарқырама болып өттi төгiле.
Тәлкек күндер сол өңiрге тағы да
Тәлтiректеп алып келдi менi де.
Лепiрiп жан леп сағынды ерекше,
Қырға шықтық.
Қыр желi, ал сен екше!
...Жылқылар жүр,
Күрiк болған тауықтай
Саяқ жирен жайылады бөлекше.
– Ерекеңнiң жорғасы ғой бұл қасқа, –
деп серiгiм жалт қаратып тұрмас па, –
– Ол кiсi өзi қалада ғой,
Емделiп...
Аяқасты жүрек ауру ұрмас па?!
Үш ай бойы иесiз бұл саяғың,
Әулекiлер мiнiп құртты аяғын.
...«Екi жирен» құлағыма келедi
Екiңдiде айтылатын баяғы.
– Сорпасы мен суаны ендi соғымның.
(Көк үстiнен келiп түстi жеңiл дым...)
Оқыранып қасқа жирен, ойпыр-ай,
Отын алып кете барды көңiлдiң...