Жылқы. Тоқтарәлі Таңжарық

...Шүу, жануар, шап кәні!
Алауласын алдыңнан түнгі дала оттары.
Кекіліңе шыт байлап кетейін бір зымырап,
Көкжиектің төсінде жатыр менің құбылам.
Шомылсын бұл дүние көкірегімнің нұрына,
Ат үстінде маздаймын, ат үстінде жылынам.
Қара түнді қақ жарып, ақ ноқатқа айналып,
Қара жолдың үстінде будақ – будақ шаң қалып;
Мынау дала ұлына қалсын бір сәт таңданып.
Мимырттаған тірлікке біз мінәсіп болсақ та...
Қараөткелден өтейін арлы – берлі ойқастап,
Кетейін бұл ғаламға, кетейін бір ой тастап.
Сонан кейін ұмытып ез тірліктің күнәсін,
Толқып аққан теңіздей мүйіске артып құлашын...
Жыласыншы құба дүз...
Тарихы үшін жыласын!
Дүниенің жүрегі дүбіріңе ұласып,
(Анау мұңлы шайырлар жыр оқысын бір асыл!)
...Шүу, жануар! Шап кәні...
Жанарымнан сол шақта ып-ыстық жас жатты ағып!...

2005 ж.