Мен — кентаврмын... А. Сүлейменов. Ол — кентавр! Тәні — жылқы, басы — адам, Жылқыдай — Зат және қазақ — Есі Алаң. Европаның соқыр көзін ақитқан Скифтердің елесінен қашаған — Ол — кентавр! Тәні — жылқы, басы — адам. Құлақ қанып жарған күйге қанасын, Тұяқ танып тау мен тасын, даласын; Толық құқы бар еді оның кетуге Еркін жайлап Евразия арасын. Қорқыттардың қобызынан қыл үзіп Жеті сазға жалғап еді — үні жік. Әуеніне тырнақ салып шыңғыртты Мешін түкті, доңыз текті құбыжық. Құбыжықтан құтылмады қашқанмен, Десе-дағы: Мен —кентавр! Асқар — мен! Сондай кезде қойды жерге жоламай, Араздасып кетті кейде Аспанмен. Аспаннан да ая таппай, жерден де, Адамдықтан жылқы кейіпке енгенде — Тамырында қан кісінеп шабатын, Көргенде ылғи шартықтарды шерменде. Мен кімнен кем?! — Астымда — жер, үстім— көк, — Деп тұмсығын боққа қайрап үшкірлеп, Жылқызада жүрегінің Жауырын Қанатқанға — Құзғын жүр-ау "ұштым", — деп, Сауысқан да күлген шығар "құспын", — деп... Жанарында аунап түсіп жатты аспан, Арабы торы — алп, алп басқан, алп басқан — Бола алмады қарғалармен тамырлас, Бауыры — бұлбұл, қарындасы — қарлығаш. — Хас өнермен Арын байлап анттасқан. Жабыстырмай жал-құйрыққа жүн-жыбыр, Алыс, қырбай қонған одан зыр-зыбыл. Жерден, көктен мәшһураттас таба алмай, Өте шықты жұлын-жұмбақ бір ғұмыр. Бұлттың көзін қанатқанда ай ұшы, Қан құйылған қаламсабы қайысып – Жұлынан шығатын-ды Дырау - сөз, Өрімі еді Құнан Білдің қайысы. Дырау сөзі сананы іреп, бет тіліп, Тарпаң басып кете барды Тектілік. "Доңыздардың тұмсығының қасында, Есектердің құлағы адал!.." — деп күліп. Нұр құям деп көзі ағарған қазаққа, Үн құям деп көні кепкен Азатқа — Көр-тозаққа шыжғырылып тірілей, Жетпей кетті "жұмаққа" һәм Созаққа. "Бұл қазаққа біз де, міне, жоқпыз", — деп, Шер-наласын болып, бәлкім, жеткізбек: Омар, Оспан, Шайхы Бұзырық, Ысқақ Бап Бабаларын ағам елде кетті іздеп... ... Жатыр үнсіз, шың өркешті нар далам. Бағзы сенім! — Тағы да бір нан маған! — Асқар ағам кеп қалардай алданам, Ізгі хабар алып "Расул — Алладан!"...