Жылқы ауылда жазғы түн баллада. Светқали Нұржан

Ар жағы —
Айырқанат самолетпен,
Бер жағы —
Ауытталған қара көртпен,
Жыл жүрген Алматымды артқа тастап,
Аңсатқан ауылыма жаңа жеткем.
Азалдан ауыл еді жазар жырым,
Қарсы алды жаз түнінде бозаң қырым.
Бір інім өкпелеп жүр. —
Ұятты — мен,
Бәріне жетпей қалған базарлығым.
— Жай жоқ қой бұрынғыдай жиынды іздер,
Қиын қыс келатқандай, қиын күздер. —
Самсоздау сөйлейді ағай:
— Көрші көшкен...
Жайлауда жалғыз қалдық биыл біздер...
Сықылды өңештен бір алған сүлік,
Аузымнан сөзім отыр зордан шығып —
Оқудың жайын сұрап өбектеп жүр,
Жеңешем маған қарап қалған сұлық...
Кенеттен аттай беріп табалдырық,
Сүрініп жығылды бір адам кіріп.
— Мал кіріп кетті ме, әй? — деп ағам да іліп,
Құрдасы қол ұсынды оған күліп.
 
— Жайшылық.
Жүрген жанбыз тек қыдырып.
Келмедің.
Той жасадық көпті қырып.
Мынау кім?
Анау әлгі Алматыда...
— Е, сол ғой!..
Ағам сөзін кетті бұрып.
Қос құрдас өкпе айтысып қызып алған,
Жеңешем сыбырлайды жүзі жанған:
— Осының інісі ғой,
Саған құмар
Былтырғы көршіміздің қызын алған...
Бұрқ етіп от салғышта сүт тасыды, ал,
Жеңешем емес бірақ тіпті асығар—
Шай салып ақ дімшеге,
Шантақты ашып
Аямай алып жатыр—"тықпасынан"...
Қолымда ыңыранып қуыс шанақ,
Жатырмын күлдіреуіш, уық санап.
...Асылған мойынына туыс санап
Інім жүр ақ күшікті қуып сабап.
Аспаным жұлдыздарын жамыратқан,
Бәз бірі әредікте тамып аққан.
Түндіктің ашығынан үңілген ай
Түсердей үй ішіне шаңырақтан...
Түтінді жетектесе жел өбектеп,
Қызғылт шоқ көзін қысып сөнеді ептеп.
Майшамның парлап тұрған ақ күмбезін
Сабап жүр қанатымен көбелек кеп...
Бір ойым бір ойымды балалатып,
Бір сезім бір сезімді жаңалатып,
Шанаққа, көкірекке, киіз үйге
Сыймаған күй шығады далаға атып.
Аты еді бұл күйімнің: "Әттең, әттең..." —
Аңсаған ақ маңдайды жатқа кеткен.
Саусақтан жүрек қаны шым-шым ағып,
Астасты "Айнамқалды" — "Ақбөбекпен".
...Жеңешем мен жемеген етті аяды,
Көңілдің оған айтар көп қой әні.
Еңбегі ет, шұбатқа сіңген қонақ:
— Ай, бала, тағы да тарт! —деп қояды...
...Күй тынған.
Мен де тындым.
Дөңде тұрмын.
Пәк самал мейіріміндей жеңге-түннің.
Көңілім алау-далау, еске түсіп
Қайрылмас бір шақтары он жетімнің.
"Жырақта бекер жүрдім кешіп көктем..." —
Бір жұлдыз ағып өтті осып беттен.
...Ай жатыр әудем жерде. — Алты қанат
Ақ үйдің орынындай көшіп кеткен...