Қара жерге қар әбден басқан бауыр, Бұлт торлап тұр әлі де аспанды ауыр. Атқораның ығында мен отырмын, Тілеп таңда боранның басталмауын. Әудем жерде тоңып тұр шоқы — ғаріп. Апам жатыр сенектен отын алып. Айыршөке бастырған ақ жабулы Ақбоз атым қатады үн оқыранып. Жылқы бағу, жыр жазу — қиын жұмыс, Аяқ бір іс бастайды, Миым бір іс. Биылғы қыс — ақбоз бен екеумізге Шалғай шабыс сыйлап тұр, Қиыр жүріс. Дәлу түні сыңсытып шыны-қарын, Жатыр жырлап кәрі қыр ғұмыр-әнін. Таңын тартқан тұлпардың тұяғының, Әлдеғайдан жетеді ұлыған үн. Таң тезірек атса екен, Аттанды сап, Оятатын қалғыған шатқалды сәт. ...Қар-бұлттардың астында ай жатыр-ау, Қасқырларға құрылған қақпан құсап...