Асау жуасыту. Светқали Нұржан

... Шу асау бұғалық сүйреп,
Арқырай атылған тұста,
Алқынып шығалықшы үйден
Бұрынғы батырларға ұқсап...
Жел кіріп бүлікті лекке,
Көп жылқы шұрқырағанда —
Дойырды іліп білекке
Ашуың бұрқырағанда;
"Байқа!" — деп қапылып бір үн,
Біреулер қызынып кетсе.
Асауға атылып мініп,
Шылбырың үзіліп кетсе!..
Тырналар тыраулап майда
Аспанды түріп бір шеттен...
Шу асау бұраң қақпай ма,
Бұзаутіс тіліп тірсектен!
Ат көнбес қашанда бірден,
Жылқы емес — жалын кешер ек.
Жігітті асауға мінген
Күтеді қалың қошемет.
Қарауға әр үйге, тегі,
Бере ме қызған ат мұрша
Ол да бір ғанибет еді,
Боз үйден қыз қарап тұрса!..
Тұяқта боз дала жанып,
Асаулық жым - жылас күрең
Арманды бозбаланы алып,
Ағатын күннің астымен...
Қымтанып қыры көрпені,
Ішкесін қымызды қанып —
Бір күйді күңірентеді
Қара шал сыбызғыны алып...
Ол күндер бүгін ертегі —
Мезі етті күйкі үн қаптаған.
Қалғымай күнімен Төрі —
Жатса еді қиқулап далам!..