Последний тарпан погиб в 1879 году
Борис Алмазов.
Қанаттанып қиялы Қырат шерткен күйменен, Қара тасты тұяғы Қамырдайын илеген, О, тарпаң-ай, тарпаң-ай! Алай-дүлей дауылда Ана-дала тербеген, Апта жауған жаңбырда Жалы жатып көрмеген, О, тарпаң-ай, тарпаң-ай! Тер басқанда Сауыры Жылт-жылт етіп құндыздай, Жазылып бір бауыры Зымыраған жұлдыздай О, тарпаң-ай, тарпаң-ай! Мал боп кеткен туысты Менсінбедің, не болды?! Жылқы жайған ұлысты Елсінбедің, не болды, О, тарпаң-ай, тарпаң-ай! Бермегенді Қарысып Алам дедің, не болды?! Желмен жалғыз жарысып Қалам дедің, не болды, О, тарпаң-ай, тарпаң-ай! Қуғыншыға шалдырмай Кетем дедің, не болды?! Жүген-құрық салдырмай Өтем дедің, не болды, О, тарпаң-ай, тарпаң-ай! Туып-өскен өңірден Түгел құртты тегіңді. Абыройсыз өмірден Артық көрдің өлімді, О, тарпаң-ай, тарпаң-ай! Толғандырмас ел қамы Талай-талай жүр масыл... Сендер опат болғалы Міне, бүгін бір ғасыр, О, тарпаң-ай, тарпаң-ай! Жан-жануар аңсаған Жұмақ тірлік жеткенде... Қайғырамын мен саған Өзім құрып кеткендей, О, тарпаң-ай, тарпаң-ай!