Жылқылардың мақсатына қарай бөлінуі

  • Бор – мәстек (қоныс аударушы орыс шаруаларының жылқылары) пен қазақ жылқысының буданы. Қазақ әлсіз денені, қорбиған жандарды әдетте «бор», «боркемік», «тексіз», «затсыз» деп кемсітеді. Орыс зерттеушілері қазақтар өз жылқыларын мәстекпен шағылыстыруды қаламайтындықтарын жазады. Бор – мәстектер қазақ даласы мен Орынбордың шекаралық аудандарында кездескен. Жабы – Қазақстанның көпшілік жерінде ұшырасқанымен, негізінде оңтүстік-батыс пен оңтүстік-шы­ғыс­та шоғырланған. Парсылар ябы деп тұқымы тексіз, бірақ күшті, ке­руенде күш-көлік есебінде пайдала­нылатын қораш жылқыларды атайды. Тәжікстандағы түркі тектес ло­қай­лықтар өз жылқыларын түркмен жыл­қысынан айыру үшін «йабы» дейді.
  • Жабы – түркі халықтарында көбінесе жүк көтергіш деген мағынаны білдіреді. Жа­бының жал-құйрығы қалың, денесі шымыр, тұрпаты шұбалаңқы, мойны мен аяқтары қысқа, тез ет алғыш, ары­майтын, ыстық-суыққа, аштыққа төзімді жылқы. Қазақта кез келген асыл тұқымды жылқыны «арғымақ» деп, ұсқынсыз нашар жылқыларды «жабы» деп екіге бөліп айту бар.
  • Орал жылқысы – Батыс Қазақстанның дәстүрлі қазақи жылқы тұқымы. Жайық казактарының бие байлап, қымыз ішпеуіне байланыс­ты құлындар енесімен бірге жүріп, тез жетілген. Бұрынғы қазақи тегіне қарағанда бойы биіктеліп, тұлғасы сомдалып, кесектеле түскен. Ресейден желгіш тұқымды, қалмақы айғырларды қазақи биелерге салу деректері кездеседі. Бірақ бұл Орал жылқысының тұқымына пәлендей әсер ете қоймаған. Сондықтан Орал тұқымы қазақи жылқы тұқымының бір тармағы деп ұққанымыз абзал.
  • Мамандар Сарыарқа жылқыларын орталық қазақ жылқысы деп атап, Ақмола мен Торғай облыстарында, Қарқаралы, Шыңғыстау аймағында тарағанын, бойы 133,5 см., арқасы қыс­қа, қабырғалары жалпақ, омы­рауы­ның кеңдігі қалыпты, сауыры салыстырмалы түрде қысқа екенін, қазақ жылқысының негізгі аборигенді өкілі екенін жазады. Ұмытылып, құрып кеткен Сарыарқа тұқымдарының біріне 1902 жылдары мамандар назарына ілінген қазақи «сібір» понилерін, қазақтардың өздері «домбай» деп атайтын жылқыларын жатқызуға болады. Домбайлардың түрі ерекше көз тартатын, ақшулан денелеріне қара дақтар мен жолақтар түсіп, домалақ денелері сүйкімді көрінеді.
  • Берік – күшті, еті тығыз жылқылар. Бұл түрге жататын жылқылардың бітімі қораштау, семіз, еті нығыз, кебеже қарын, кең құрсақ, аяқтары жуан, жал-құйрығы қабалау, басы үлкен, мойны жуан болып келеді. Жылдам жүріске, шабысқа жарамсыз, бірақ жай жүріспен кез келген қашықтыққа мойымайды. Беріктің негізгі қасиеті жемшөп талғамайды, қоңдылығын көпке дейін сақтайды, ауыр жұмыстарға шыдамды, ауа райының қай мезгіліне болса да көнбіс. Үстінен неше айлап ер-тоқым түспеген беріктер демалуға бір жеті немесе он күнге қоя бергенде бұрынғы күйіне қайта келіп, тез ет алады. Мінезі жуас болады. Беріктің өзі халық арасында әртүрлі айтылады:
    • шобыр ат – мініспен қатар күш-көлікке жарамды;
    • тұғыр ат – таза мініске жарамды;
    • мес ат – аш-тоқтығы білінбейтін, денелі, қарынды, сирақты, күші мығым;
    • шабан ат – жүрісі шабан.
  • Беріктер жұмыс аттары болғандықтан, қой жаюға, мал қайыруға, күш-көлікке, т.б. пайдаланылады. Күй талғамайтын берік басқа тұқымның екі-үш жылқысы істейтін жұмысты жалғыз өзі істейді. Қазақтар өз табындарында арнайы беріктердің тұқымын сақтап, өсіріп, көбейтуге мүдделі болған. Беріктің шыққан тұқымына орай «сәбден берік», «шекті берік», т.б. атау қалыптасқан.
  • Жүрдек – күші мығым, берік пен бәйге аттарының арасындағы салтжүріске арналған аттар. Жүрдек­тігіне, бойының берікке қарағанда сұңғақтығына және денесінің сүм­бідей жаратылысына қарап сұлу ат деп те атаған. Жүрісі көбінесе жайлы, желіс, заржеліс түрінде болады. Сондықтан жастайынан желіске, одан соң тезірек зар желіске үйретеді. Жүрдек – қазақ жылқысының орасан үлкен қашықтықтарды салт атпен бағындыруға қолданылатын жылқы түрі. Жүрдек мал ұрлаған барымташыларды қууға, алыс сапарларға шығуға, қиын-қыстау кезеңде бір жерден екінші жерге тез ауысуға, т.б. пайдаланылады. Жүрдек әр тұқымда кездеседі. Сол себепті қазақтар «найман жүрдек», «адай жүрдек», «қазанат жүрдек» деп атайды.
  • Аяңшыл – тек салт мінуге арналған, әдемі аяң жүрісі бар, адамға жүрісі жайлы аттар. Абай мұндай аттарды «аяңы тымақты алшы мінгізгендей» деп мақтаған. Аяң қазақ тұрмысында өте жиі қолданылатын, ауыл мен ауыл, ел мен ел арасына аяңдап барып, аяңдап келетін халықтың мінезі мен болмысына жарасымды жүріс. Атқа мініп тұра шапқанды, қатты желдірткенді, желіп-шауып жүргенді, атты құр бекерге қинағанды қазақ әсте жақтырмаған. Аяң – өгіз аяң, жай аяң, жел аяң, т.б. болып бөлінеді

Сілтеме